Darknet-тегі «15 млн қазақстандықтың дерегі» туралы не белгілі?

Darknet-тегі «15 млн қазақстандықтың дерегі» туралы не белгілі?
ашық дереккөз

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарады деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталмаған.

Сонымен қатар мамандар darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға талдау жасаған. Олардың мәліметінше, бұл файлдар әртүрлі белгісіз құжаттар мен суреттердің жиынтығы болып шыққан және eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес.

Министрлік бұған бірнеше фактінің дәлел болатынын атап өтті. Мәселен, darknet-те жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.

Сондай-ақ eGov жүйелерінде хабарландыруда айтылғандай, азаматтардың паспорттарының скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар басқа тәсілмен қалыптастырылып, сақталады.

Осыған байланысты министрлік eGov жүйесі бұзылмағанын және 15 миллион қазақстандықтың деректері жүйеден алынбағанын ресми түрде мәлімдеді.

Ведомство бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстарды мұндай мәліметтерді таратпас бұрын мұқият тексеруге шақырды. Министрлік атап өткендей, darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі ақпараттық жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді.