Дариға Бадықова мен Олжас Абай сәби күткен жұптың арманын орындауға көмектесті

Дариға Бадықова мен Олжас Абай сәби күткен жұптың арманын орындауға көмектесті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абай бірнеше жыл бойы перзент сүйе алмай жүрген оралдық отбасыға қолдау көрсеткен. Бұл туралы журналист Ләйлә Сұлтанқызы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Журналистің айтуынша, өнер иелері Mariyam қорының демеушілері ретінде ерлі-зайыптының ата-ана атануына көмектескен. Жұп бұған дейін бірнеше рет ЭКО жасатып, сәтсіздікке ұшыраған. Кейін қордың қолдауымен көптен күткен сәбиін бауырына басқан.

"Біреудің қолдауы бір отбасының өмірін өзгертіп, үлкен арманын ақиқатқа айналдыруы мүмкін", - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Алайда журналистің жазбасындағы «Олжас пен Дариғаның бөпесі» деген сөзді кейбір оқырман актерлердің өздері балалы болды деп түсінген. Сұлтанқызы сол жазбасында олардың сәбилі болған отбасыға демеуші ретінде қолдау көрсеткенін түсіндірген.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Бадықова - қазақстандық актриса, әзіл жанрының өкілі әрі кинопродюсер. Көпшілікке «Келіндер» әзіл театры арқылы танылған. Сахнада және экранда күнделікті өмірдегі жағдайларды, отбасылық қарым-қатынасты әзілмен жеткізетін образдарымен белгілі.

Ол «Бизнес по-казахски» фильмдеріне түсіп, «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясында басты рөлді сомдаған. Сондай-ақ кино жобаларын түсіру мен продюсерлікке араласады.