Танымал журналист әрі бұрынғы депутат Дана Нұржігіт өміріндегі күрделі кезеңдердің бірі туралы айтып, депутаттық қызметтен кеткеннен кейін такси жүргізушісі болып жұмыс істеуді де ойлағанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
«Айтарым бар» подкастының қонағы болған Дана Нұржігіт әңгіме барысында сталкинг мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, адамның соңынан түсу, үнемі бақылау және қудалау уақыт өте келе ауыр психологиялық қысымға ұласуы мүмкін.
Журналист депутаттық қызметін аяқтағаннан кейінгі кезеңде ең алдымен жұмыс тауып, баласын қамтамасыз етуді ойлағанын айтты. Сол себепті табыс табудың әртүрлі жолдарын қарастырған.
«Депутаттықтан кеткеннен кейін “такси жүргізсем бе?” деген ой да болды. Одан арланбаймын. Көлікті жақсы жүргізе аламын, карта да бағыт көрсетеді. “Такси жүргізушісі болсам ба екен?” деп ойладым», – деді ол.
Дана Нұржігіт бұл кезеңді өміріндегі ауыр сынақтардың бірі деп сипаттады. Оның сөзінше, қиындықтар адамның өз күшін бағамдап, ішкі мүмкіндігін тануына себеп болуы мүмкін.
Журналист сондай-ақ сталкинг пен ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым адамның күнделікті өміріне, эмоционалдық жағдайына және өзін қауіпсіз сезінуіне әсер ететінін атап өтті.