ChatGPT-ді әзірлеген OpenAI компаниясы Қазақстан бюджетіне 2025 жыл үшін 1,8 миллиард теңге көлемінде қосымша салық төледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша салық міндеттемелерін орындауға қатысты сұрақтар туындаған 77 шетелдік интернет-компания анықталған. Кейбір платформалар Қазақстанда шартты тіркеуден өтпесе, енді бірінде қазақстандық пайдаланушылар жасаған төлемдер мен төленген қосылған құн салығы арасында айырмашылықтар анықталған.
Салық органдарының хабарламасынан кейін шамамен сегіз компания өз міндеттемелерін орындаған. Соның ішінде ең ірі соманың бірі OpenAI-ге тиесілі болды.
Сондай-ақ AliExpress маркетплейсі камералдық бақылау нәтижесінде Қазақстан бюджетіне 600 миллион теңгеден астам қаржы аударған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, «Google салығы» 2022 жылдан бері қолданыста. Осы уақыт ішінде шетелдік интернет-компаниялар бюджетке 146,5 миллиард теңге аударған, оның 57,6 миллиард теңгесі 2025 жылға тиесілі.
2026 жылдан бастап ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген немесе салық органдарының талаптарын орындамаған шетелдік интернет-платформалар Қазақстан аумағында бұғатталуы мүмкін.