Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа тәртібі 5 маусымнан бастап күшіне енеді. Осыған байланысты қазіргі талаптар бойынша зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғысы келетін азаматтар өтінімді бүгін, 4 маусымға дейін тапсырып үлгеруі қажет, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін өзгерту туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл көрсеткіш – азаматтың болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотында қалуы тиіс ең төменгі сома.
Қолданыстағы ереже бойынша жеткіліктілік шегінен асатын қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе инвестициялық басқаруға беруге болады. Алайда 5 маусымнан бастап бұл шек жаңа формула арқылы есептеледі.
Жаңа әдістеме азаматтың жасын, өмір сүру ұзақтығын, ең төменгі зейнетақы мөлшерін, болашақ жарналарды, инвестициялық табысты және өзге де көрсеткіштерді ескереді. Яғни мемлекет адамның зейнет жасына жеткенге дейінгі және одан кейінгі қаржылық қажеттіліктерін есептеп, шотта қалуға тиіс соманы анықтайды.
«Отбасы банкінің» мәліметінше, өтінімдердің қазіргі талаптар бойынша қаралуы үшін оларды 4 маусым күні қоса алғанда enpf-otbasy.kz платформасы арқылы рәсімдеп, қол қойып, жолдау қажет. Осы мерзімнен кейін берілген өтінімдер жаңа талаптар негізінде қаралады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғын үй сатып алу, ипотеканы өтеу, емделу немесе инвестициялық басқаруға беру мүмкіндігі сақталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты азаматтарды зейнет жасында қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету екенін еске салды.
Айта кетейік, артық жинақты тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы жабуға, «Отбасы банкіндегі» депозитке аударуға, қымбат емделу қызметтерін төлеуге немесе инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге болады.