Ақтөбе облысында бұрынғы танысын интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсетті деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны құқық қорғау органдарына арызданып, бұрын қарым-қатынаста болған ер адамның оның келісімінсіз түсірілген интимдік бейнежазбаларды жариялаймын деп бопсалап жүргенін хабарлаған.
Аталған дерек бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және күдіктінің басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеру үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату немесе оны таратамын деп қорқыту заңмен қудаланатынын еске салып, мұндай жағдайға тап болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.