Бүгін Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің батысында, солтүстігінде және орталығында қатты жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктердің болжауынша, батыс өңірлерде жауын-шашын 2 шілдеге дейін жалғасады. Осыған байланысты тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтау ұсынылады.
Ал еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысында аптап ыстық сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі жоғары болады.
Елордада бүгін күн бұлтты болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге дейін жетіп, екпіні 15–20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +15…+17 градус, күндіз +24…+26 градус болады.
Алматыда да күн бұлтты. Жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы 3–8 м/с болса, екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы +33…+35 градусқа дейін ысиды, түнде +21…+23 градус шамасында болады.
Шымкентте де бұлтты ауа райы сақталады. Синоптиктер жаңбыр мен найзағай болатынын болжайды. Желдің жылдамдығы 8–13 м/с, екпіні 15–20 м/с болады. Ауа температурасы түнде +19…+21 градус, күндіз +31…+33 градусқа дейін көтеріледі.
Мамандар тұрғындарды ауа райы болжамын қадағалап, нөсер жаңбыр, қатты жел және аптап ыстық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.