БҚО-да өрт сөндірушіні бала күнгі досы көлікпен қағып кетті

БҚО-да өрт сөндірушіні бала күнгі досы көлікпен қағып кетті
Марқұмның туыстары ұсынған сурет

Батыс Қазақстан облысында өртті сөндіру кезінде төтенше жағдайлар қызметінің взвод командирі Миршат Халиуллин қаза болды. Марқұмның туыстарының айтуынша, оны өрт сөндіру көлігін басқарған әріптесі қағып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға 3 қыркүйекте Тау ауылдық округінің аумағында болған. Марқұмның әкесі Марс Халиоллаұлының айтуынша, ұлы кезекшілік кезінде өрт шыққаны туралы хабар алып, оқиға орнына аттанған.

Оның сөзінше, өрт сөндіру көлігінің тізгінінде Миршатпен бала кезінен бірге өскен, бірге оқыған әрі бір мекемеде қызмет еткен әріптесі болған.

«Өртті сөндіру кезінде әріптесі абайсызда оны қағып кеткен. Жүргізуші түтіннің салдарынан көрмей қалғанын айтты. Алғашында байқағанымен, кейін көзден таса болып кеткен. Кешірім сұрады. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері келіп, көңіл айтып, көмек ұсынды», – деді марқұмның әкесі.

Миршат Халиуллин медициналық мекемеге жеткізілгенге дейін көз жұмған.

Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкердің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болғанын растады. Ведомство марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Ал Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.