Ботаникалық бақтағы су айдынының жағдайы тұрғындарды алаңдатты

Ботаникалық бақтағы су айдынының жағдайы тұрғындарды алаңдатты
Фото: Гүлзат Ерланқызының Threads парақшасына

Астанадағы Ботаникалық бақтағы су айдынының қазіргі жағдайы әлеуметтік желі қолданушыларын алаңдатып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Threads желісінде тұрғындар су айдынының жағалауындағы көріністі жариялаған. Жарияланған кадрлардан су маңындағы аумақтың тазалығына мәселелер байқалады.

Жағдайға қатысты Астана қаласы, Есіл ауданы әкімінің аппараты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта бақ аумағындағы су айдыны тазартылғанын мәлімдеді.

«Су айдынындағы тұрмыстық қоқыс жекелеген келушілердің бақ аумағында белгіленген тәртіп ережелерін сақтамауы салдарынан пайда болады. Кейбір демалушылардан кейін суда пластикалық бөтелкелер, қаптамалар, майлықтар, пакеттер және басқа да қалдықтар қалып қояды», – делінген хабарламада.

Әкімдік мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық ретінде саралануы мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ Ботаникалық бақ аумағында пикник жасауға тыйым салынғаны еске салынды. Бұл талап ландшафт дизайны элементтерін, жасыл желекті сақтау және нысанның санитарлық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

Желі қолданушылары баққа келушілердің мәдениетін сынға алып, өздерінің наразылығын білдіруде. Олардың арасында Ботаникалық баққа камераны көбейтіп, тәртіпті күшейту керек екенін айтып жатқандар бар.