Қазақстандық блогер Бота Миа 11 жасар қырғызстандық Алихан Асқарбековке жүйрік ат тарту етті. Ол бұл сыйлықты Қазақстан атынан жас баланың батыл әрі ізгі әрекеті үшін алғыс ретінде бергенін атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл оқиға Ыстықкөлде өткен бәйгеден кейін кең танылды. Халықаралық жарыста қазақстандық шабандоз атынан ауып түскенде, Алихан мүдірмей, сәйгүлікті ұстап алып, жарысты аяғына дейін жеткізген. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленген болатын. Жарыстан кейін жас балаға барлық жүлде қоры табысталып, оның «Қазақ пен қырғыз — бір туған» деген сөзі желіде кең тарап кетті.
Осы оқиғаның заңды жалғасы ретінде блогер Алиханға тұлпарды өз қолымен табыстап, бұл сыйлық батылдық, адалдық пен бауырмалдықтың белгісі екенін айтты.