Жақында бостандыққа шыққан вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев “Отец” подкастында басынан өткен қиын кезең, түрмедегі күндері және еркіндікке қайта оралу сезімі жайлы ашық әңгімеледі, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұл уақытта жұбайы Дана үлкен қолдау көрсеткен. Ол кездесулерге үнемі көтеріңкі көңіл-күймен келіп, кітаптар әкеліп, “бәрі жақсы болады, жақында шығасың” деп жігер беріп отырған.
Блогер түрме терезесінен сырттағы өмірді бақылау ауыр әсер қалдырғанын жасырмады. Оның сөзінше, адамдардың қалыпты тіршілігі өз арнасымен жалғасып жатқанда, ішкі ойға берілетін сәттер көп болған.
Мейіржан балаларының жағдайын да атап өтті. Ол оларды түрмеге апармау туралы шешімді жұбайы екеуі дұрыс деп тапқанын айтты. Дегенмен балалар анасы арқылы хат жазып, байланыс үзілмеген.
“Балалардың хаттарын қабырғаға іліп қоятынмын, сол арқылы үйдің жылуын сезінетінмін”, – дейді ол.
Сондай-ақ ол жұбайының төзімділігі мен жауапкершілігіне тәнті болғанын жеткізді. Отбасын қатар алып жүру, балалар мен жақындарына қамқор болу оған үлкен әсер қалдырған.
Түрмеде оқыған кітаптары да оның ой-санасына ықпал еткенін айтқан блогер, әсіресе отбасы құндылықтары туралы еңбектерді ерекше атап өтті.
Бостандыққа шыққаннан кейін де біраз уақыт психологиялық тұрғыда ауыр күй кешкенін жасырмады. Оның сөзінше, еркіндікке бірден үйренісу оңай болмаған.
Қазір ол балаларымен көбірек уақыт өткізуге тырысып, отбасы құндылығын бірінші орынға қоятынын айтады. Сонымен қатар қоғам пікірінен гөрі жақындарының қолдауы маңызды екенін жеткізді.