Қазақстанда энергетикалық жүйенің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыру мақсатында жаңа генерация қуаттарын іске қосу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
2026 жылы елде жалпы қуаты шамамен 2,6 ГВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу жоспарланған. Оның ішінде төрт газ станциясы, екі қолданыстағы электр станциясын кеңейту және жаңартылатын энергетика саласындағы 10 нысан бар.
«Біреуі – Текелі қаласында, Жетісу облысында. Екіншісі – Атырау қаласында, Атырау жылу-энергия орталығында. Қуаттылығы – 60 және 53 МВт болатын станциялар», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ULT.kz тілшісінің сұрағына жауап беру кезінде.
Бірқатар жоба қазірдің өзінде жүзеге асқан көрінеді. Мәселен, Қызылордада қуаты 240 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысы іске қосылып, бүгінде шамамен 500 млн кВт·сағат электр энергиясын өндірді.
Биыл қуаты 1 ГВт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл нысан елдің оңтүстік өңірін электр энергиясымен қамтамасыз ететін қосымша көз болмақ.
Жаңартылатын энергетика саласында да жаңа нысандар іске қосылуда. 2026 жылы жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 нысанды іске қосу жоспарланған. Оның жетеуі, жалпы қуаты 212 МВт, қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Ал 2027 жылы тағы шамамен 850 МВт жаңа генерация қуатын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2030 жылға дейін «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа энергия көзін салу және 11 қолданыстағы электр станциясын жаңғырту көзделген. Олардың жалпы қуаты 7,8 ГВт болады.
Министрдің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, елде қажетті қуат резервін қалыптастыру.
«2027 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан электр энергиясы тапшылығын жабу кезеңінен профицитке өтуі тиіс. Ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығуымыз керек. Біздің міндетіміз – бүгінгі таңда елді электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету және алдағы кезеңге қажетті қуат резервін қалыптастыру», – деді Ерлан Ақкенжеков.