5 тамыз күні Қазақстанның бірнеше өңірінде аптап ыстық сақталып, кей облыстарда нөсер жаңбыр, найзағай мен бұршақ күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады, деп жазады ult.kz.
Метеорологтардың болжамынша, республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронттардың ықпалынан ауа райы құбылмалы болады. Соның салдарынан жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Әсіресе солтүстік, шығыс, орталық және оңтүстік-шығыс өңірлерде нөсер жауын жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал.
Ал батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік облыстарда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Күндіз Атырау облысында ауа температурасы +35…+37°С-қа дейін, Маңғыстау облысында +38…+40°С-қа дейін, ал Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде +35°С-қа дейін көтеріледі.
Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі болжанып отыр. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Келесі жылдан бастап шетелдіктердің елге кіруі ақылы болады
Синоптиктер табиғи өрт қаупінің де жоғары деңгейде сақталатынын ескертті.
Өрт қаупі жоғары болатын аумақтарға Батыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары толықтай, сондай-ақ Ақтөбе облысының солтүстігі, Жамбыл облысының оңтүстігі мен шығысы, Алматы облысының шығысы мен орталығы, Маңғыстау облысының солтүстігі мен батысы, Қостанай облысының батысы, шығысы және орталығы, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысы, Ақмола облысының солтүстігі мен оңтүстігі, Павлодар облысының оңтүстігі, шығысы және орталығы, Түркістан облысының солтүстігі мен шығысы, Қарағанды облысының батысы, солтүстігі және орталығы, сондай-ақ Жетісу облысының оңтүстігі кіреді.
Ал төтенше өрт қаупі Атырау, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында сақталады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі және шығысында, Қостанай облысының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Ақмола облысының батысында, Қарағанды облысының оңтүстігі мен шығысында және Ұлытау облысында, Абай облысының солтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Алматы облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде, сондай-ақ Жетісу облысының солтүстігі, шығысы және орталық бөлігінде де өте жоғары деңгейде сақталмақ.
Мамандар ауа райының қолайсыз құбылыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға шақырады.