«Одиссея» қалай түсірілді? Кристофер Нолан фильмі туралы 7 қызықты дерек

«Одиссея» қалай түсірілді? Кристофер Нолан фильмі туралы 7 қызықты дерек
ВКонтакте

Кристофер Ноланның жаңа туындысы – «Одиссея» биылғы жылдың ең көп талқыланған фильмдерінің біріне айналды. Картина сыншылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болып, әлемдік прокатта сәтті бастау жасады. Сарапшылар фильмнің алдағы марапаттау маусымында да көптеген жүлдеге үміткер болатынын айтып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Фильмнің негізіне ежелгі грек ақыны Гомердің әйгілі «Одиссея» поэмасы алынған. Сюжет бойынша Троя соғысынан кейін Итака патшасы Одиссей (Мэтт Дэймон) жұбайы Пенелопаға (Энн Хэтэуэй) және ұлы Телемахқа (Том Холланд) оралуға аттанады. Алайда ашуланған құдайлардың араласуынан оның жолы жиырма жылға созылып, саяхат барысында Одиссей циклоппен, сиреналармен, сиқыршы әйелмен және алып жалмауыздармен бетпе-бет келеді.

1. «Одиссея» сценарийіне заманауи аударма негіз болды

Фильм сценарийі Гомер шығармасының 2017 жылы жарық көрген ағылшын тіліндегі аудармасына сүйенген. Бұл аударманы Пенсильвания университетінің классикалық әдебиет профессоры Эмили Уилсон жасаған. XVII ғасырдан бері «Одиссея» ағылшын тіліне кемінде 60 рет аударылғанымен, олардың ішінде әйел автор жасаған жалғыз нұсқа осы болып саналады.

2. Кристофер Нолан бұл фильмді 20 жыл күтті

Кристофер Нолан көне грек мифологиясына негізделген фильм түсіруді көптен армандаған. 2003 жылы режиссерге «Троя» фильмін қою ұсынылғанымен, жоба кейін Вольфганг Петерсенге тапсырылған. Соған қарамастан Нолан бұл идеядан бас тартпай, жиырма жыл бойы «Одиссеяны» экранға шығаруды жоспарлаған. Оның айтуынша, бұл шығарманы өмір бойы түсіріп келе жатқандай сезінеді.

Режиссер Гомер поэмасын «отбасы, кек, соғыс және есею туралы терең шығарма» деп сипаттайды.

Фото: kinomania.kz

3. IMAX тарихындағы алғашқы толықметражды фильм – «Одиссея»

«Одиссея» кино тарихына тағы бір жаңалығымен енді. Бұл – толықтай IMAX камераларымен түсірілген алғашқы фильм.

Түсірілім барысында барлығы 609 шақырым 65 миллиметрлік Kodak пленкасы пайдаланылған. Ал IMAX нұсқасының өзіне ғана 17 шақырым пленка жұмсалған.

Картинаға 250 миллион доллар бюджет бөлінген. Түсірілім 91 күнге созылып, жоспарланған мерзімнен тоғыз күн бұрын аяқталған. Фильмнің ұзақтығы – 2 сағат 53 минут.

4. Нолан фильміндегі шынайылыққа басымдық

Кристофер Нолан компьютерлік графиканы мүмкіндігінше аз қолданатын режиссер ретінде танымал. Сондықтан фильмдегі көптеген көріністер табиғи ортада түсірілген.

Трояның түнгі шабуылын түсіру үшін оператор Хойте ван Хойтема жүздеген жарықдиодты шам орнатып, оттың табиғи жарығын дәл қайталаған.

Ал Одиссей мінген кеме ретінде Норвегиядан табылған шынайы «Дракен» викинг кемесі пайдаланылған. Соның нәтижесінде актерлерге теңізде жүзуді меңгеруге тура келген.

5. Қиын түсірілімдер «Одиссеяда»

Басты рөлді сомдаған Мэтт Дэймон үшін түсірілім оңай болмаған. Ол Сицилияда екі апта бойы күн сайын қамалға дейін 45 минут жаяу жүрген. Исландиядағы түсірілім кезінде нөсер жаңбыр астында жұмыс істесе, Мароккодағы қатты жел мен құм да актерге едәуір қиындық туғызған.

Ал шалғай аймақтарға ауыр IMAX камераларын жеткізу үшін студия режиссерге арнайы тікұшақ бөлген.

Фото: Universal Pictures

6. Практикалық эффектілер мен VFX үйлесімі

Нолан дәстүріне сай практикалық эффектілерге басымдық бергенімен, кейбір мифологиялық кейіпкерлерді жасау үшін компьютерлік графика қолданылған. Мысалы, алты басты Сцилла толықтай цифрлық технология арқылы жасалған.

Ал біркөзді Полифемді бейнелеу үшін алып қуыршақ құрастырылып, қозғалысты түсіру технологиясы пайдаланылған. Оның бейнесін жасау кезінде Франсиско Гойяның әйгілі «Сатурн балаларын жеп жатыр» картинасы шабыт көзі болған.

Циклопқа қатысты көріністер Грекиядағы Пелопоннес өңіріндегі аңызға айналған Нестор үңгірінде түсірілген.

7. «Одиссея» фильмінің музыкасындағы ерекше шешім

Фильмнің музыкасын үш мәрте «Оскар» иегері Людвиг Горанссон жазған. Алайда бұл жолы Кристофер Нолан композиторға оркестр қолданбауды тапсырған.

Оның орнына Горанссон әртүрлі көлемдегі 35 қола гонгтың үнін синтезаторлармен үйлестіріп, ерекше дыбыстық атмосфера қалыптастырған. Ал жыршының рөліне америкалық рэпер Трэвис Скотт шақырылған. Режиссердің пікірінше, ежелгі дәуірдегі ауызша жыр айту дәстүрі қазіргі рэп мәдениетімен үндеседі.