Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасында ем қабылдаған бір жасар бүлдіршінге туберкулез диагнозы қойылды. Баланың ата-анасы инфекцияның ауруханада жұмыс істеген мейіргерден жұққанын айтып, оқиғаға қатысты жауаптыларды жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Баланың әкесінің айтуынша, биыл сәуір айында 1 жас 1 айлық ұлы ауыр пневмониямен ауруханаға түсіп, бес күн ем қабылдаған. Жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оны үйіне шығарған.
Арада біраз уақыт өткенде осы ауруханада қызмет атқарған мейіргердің туберкулезге шалдыққаны белгілі болған. Осыған байланысты медицина мекемесі бұрын емделген балаларды қосымша тексеруге шақырған.
Тексеру барысында бүлдіршіннің манту және диаскинтест сынамалары оң нәтиже көрсеткен. Кейін компьютерлік томографиядан өкпесінде өзгеріс байқалған. Алғашында дәрігерлер мұны бұрынғы пневмонияның салдары болуы мүмкін деп болжап, екі апта бойы антибиотикпен ем жүргізген.
Алайда қайта жасалған КТ қорытындысы бойынша балаға «сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің біріншілік туберкулезі» диагнозы қойылған. Қазіргі таңда ол туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылып, арнайы ем қабылдамақ.
Баланың әкесі комиссия бастапқыда медициналық қорытындыны беруден бас тартқанын айтады. Оның сөзінше, мамандар «анасы 12 жыл бұрын туберкулезбен ауырған, балаға инфекция содан жұққан болуы мүмкін» деген болжам айтқан. Тек бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатыны ескертілгеннен кейін ғана отбасыға ресми қорытынды берілген.
Қазір отбасы заңгерлердің көмегіне жүгініп, оқиғаға қатысты құқықтық шараларды қолға алған. Ал Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.