Қостанай облысының тұрғыны цифрлық активтермен заңсыз операциялар жүргізу арқылы тапқан 1,9 миллиард теңгеден астам қаражатынан айырылды. Сот оның мүлкін тәркілеп, екі жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ult.kz.
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, 14 шілдеде 28 жастағы ер адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енді. Ол цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастырғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны (жылыстатқаны) үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу барысында анықталғандай, сотталушы 2020–2024 жылдар аралығында тиісті лицензиясыз Binance платформасының P2P сервисі арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу-сатумен заңсыз айналысқан.
Қаржылық операцияларды жүргізу үшін ол өзінің, сондай-ақ туыстары мен өзге адамдардың атына рәсімделген банк шоттарын пайдаланған.
Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс 1,9 миллиард теңгеден асқан. Ақшаның шығу тегін жасыру үшін ол қаражатты екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге орналастырып отырған.
Прокуратураның талап-арызы негізінде сот заңсыз жолмен алынған 1,9 миллиард теңгеден астам қаражатты мемлекет кірісіне өндіру туралы шешім шығарды.
Бұдан бөлек, 13,4 миллион теңге, екі жеңіл автокөлік және құны 7,9 мың АҚШ долларын құрайтын цифрлық активтер тәркіленді.
Сондай-ақ сотталған азамат жеті жылға цифрлық активтерді шығару, олардың айналымын ұйымдастыру және цифрлық майнинг қызметімен айналысу құқығынан айырылды.
Еске салайық, бұған дейін Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Украинаның үш азаматына халықаралық іздеу жариялаған болатын. Шетелдік БАҚ олардың екеуін айналымы шамамен 1 миллиард долларды құрайтын заңсыз онлайн-казино ісімен байланыстырған.