Осыдан 10–15 жыл бұрын әлеуметтік саясаттың тиімділігі көбіне жәрдемақылардың мөлшері мен мемлекеттік қолдау көлемі арқылы бағаланатын. Бүгінде бұл өлшемдер өзгерді. Қазір әлеуметтік жүйесі мықты мемлекет деп отбасының табысына қарамастан әрбір баланың сапалы мектепке дейінгі білім алуға, заманауи мектепте оқуға, ерекше білім беру қажеттіліктері болған жағдайда қажетті қолдау көруге және кейін әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар елдерді атайды. Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты да біртіндеп дәл осы қағидатқа негізделіп келеді: білім беру елдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылады.
Жаңартылған Конституцияда айқындалған басым бағыттардың ішінде білім беру, ғылым, мәдениет және инновация ерекше орын алады. Бұл – басты назар адам капиталын дамытуға, яғни әрбір азаматтың білім алып, жаңа дүниелер жасап, өзінің әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беретін модель.
Бұл стратегия қазірдің өзінде нақты нәтижесін бере бастады. 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 59 мыңнан астам оқушыға арналған 101 мектептің құрылысы басталды. Оның 84-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы 307 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесі де қарқынды дамып келеді. Алты айдың ішінде балабақшаларда 15 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуі (бір миллионнан астам мақсатты ваучер берілді) кезекті екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік берді.
Алайда білім беру саласын дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Ең бастысы – әрбір баланың қандай мүмкіндіктерге ие болатыны және білім беру ресурстарының қаншалықты әділ бөлінетіні. Қазіргі білім беру саясатының негізінде сапалы білімге тең қолжетімділік қағидаты барған сайын нығайып келеді. Бұл – отбасының табысына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір балаға бірдей мүмкіндік беру деген сөз.
Дәл осы ұстанымды Премьер-министр Олжас Бектенов те атап өткен болатын. Оның айтуынша, бюджет қаражаты негізінен табысы жоғары отбасылардың балалары ғана пайдалана алатын білім беру жобаларын қаржыландыруға жұмсалмауы тиіс. Мемлекеттің басты басымдығы – әрбір балаға сапалы білім бере алатын мықты жалпы білім беретін мектепті дамыту.
Бұл ұстаным халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді. Көптеген елдерде беделді жекеменшік мектептер өз қаражаты, қайырымдылық қорлары және ата-аналардың қолдауы есебінен дамиды. Ал мемлекеттік білім беру жүйесінің негізгі міндеті – барлық балаға тең бастапқы мүмкіндік жасау.
Сарапшылардың айтуынша, дәл осындай мықты жалпы білім беретін мектеп әлеуметтік мобильділіктің маңызды тетіктерінің бірі болып саналады. Шағын қалада немесе ауылда тұратын бала заманауи білімге, жаңа технологияларға және білікті ұстаздарға қол жеткізсе, білім шын мәнінде әлеуметтік лифтке айналады.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда осындай қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Олардың 138 мыңнан астамы өз қатарластарымен бірге білім алып жүр. Ел бойынша ерте араласу орталықтары, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері жұмыс істейді. Ал мектептерде шамамен 6,5 мың педагог-ассистент еңбек етеді.
Башқұрт энциклопедиясы институтының аға ғылыми қызметкері Александр Кобысканның пікірінше, мұндай шешімдер әлеуметтік жүйенің кемелденгенінің маңызды көрсеткіштерінің бірі.
«Мемлекет тек пандустар салумен шектелмейді. Елдің барлық өңірінде оңалту ұйымдары, ерте араласу орталықтары жұмыс істейді, балалар психологиялық-педагогикалық көмек алады. Бұл – әрбір баланың өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік беретін орта», – дейді сарапшы.
Білімге тең қолжетімділікті тек инфрақұрылым ғана қамтамасыз етпейді. Биыл мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға 209 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде 1,7 миллион оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Ал 500 мыңға жуық бала мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алу үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы көмек алды.
Ресейлік саясаттанушы, жазушы әрі тележүргізуші Леонид Млечиннің пікірінше, дәл осындай жүйелі шешімдер қоғамда қорғалғандық пен сенімділік сезімін қалыптастырады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты қоғамда әлеуметтік жайлылық пен сенімділік сезімін қалыптастырады. Мемлекет мектептерге инвестиция салып, балалы отбасыларды қолдап, тегін спорт пен шығармашылықты дамытқанда, адамдар мұның бір реттік шара емес, болашаққа бағытталған жүйелі саясат екенін түсінеді», – деді Леонид Млечин.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда балалардың әл-ауқаты мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып келеді.
«Балалар мен отбасы мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналуда. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігіне, буллингпен күреске, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл мемлекет адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау қажет жерлерде белсендірек әрекет ете бастағанын көрсетеді. Мұндай тәсіл жиі кездесе бермейді», – деді Леонид Млечин.
Соңғы жылдары елімізде балаларды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда 16 мыңнан астам жеке консультация өткізілді. Мектептерде «111» байланыс орталығының QR-кодтары орналастырылған. Жыл басынан бері осы қызмет арқылы 31 мыңнан астам бала көмек алған.
Алайда қазіргі білім беру саясаты мектеппен ғана шектелмейді. Негізгі мәселе – Қазақстанның алдағы 10–20 жылда білім экономикасында қаншалықты бәсекеге қабілетті болатынында. Қазіргі таңда экономикалық өсудің басты факторларының бірі – адам капиталының сапасы.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің проректоры, білім беру жүйелері мен цифрлық трансформация саласының маманы Рафис Абазов Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновацияның басымдық ретінде бекітілуі жай ғана формальды норма емес, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясы екенін атап өтті.
«Әлемде білім деңгейі мен экономиканың дамуы арасында тікелей байланыс бар. Адам капиталына салынған инвестициялар еңбек өнімділігін арттырады, инновацияларды ынталандырады, елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді және тұрақты өсудің негізін қалайды. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, дамыған елдердегі еңбек өнімділігінің өсімінің 70 пайыздан астамы адам капиталын дамыту есебінен қамтамасыз етіледі. Ал оқудың әрбір қосымша жылы адамның болашақ табысын орта есеппен 5–6 пайызға арттыра алады. Қазіргі таңда дамыған мемлекеттер білім беру саласына ЖІӨ-нің 4–6 пайызын, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге 2–4 пайызын жұмсайды. Сондықтан осы басымдықтардың Конституцияда бекітілуі елдің бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыру мен тұрақты дамуына берік негіз қалайды», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде жаһандық білім беру үрдістерімен үндес бағытта дамып келеді. Шетелдік университеттермен ынтымақтастық кеңейіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда, академиялық ұтқырлық дамып, жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Бұл – еліміздің жоғары білім жүйесі үшін тарихи жетістік.
«Қазір табиғи ресурстары мол мемлекеттер емес, білім мен технология жасай алатын елдер бәсекеге түсуде. Сондықтан білімді интернационалдандыру, ғылымды дамыту және болашақ экономикасына қажетті мамандар даярлау – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты. Бүгінде білім беру әлеуметтік лифттің ең тиімді құралы әрі мемлекеттің болашағына салынатын ең сенімді инвестицияға айналды», – деп түйіндеді Рафис Абазов.
Мектептерге, жоғары оқу орындарына, ғылымға және адам капиталын дамытуға салынған инвестициялар – бұл жай ғана бюджет шығыны емес. Бұл – елдің алдағы ондаған жылдағы бәсекеге қабілеттілігіне салынған инвестиция. Білім басты ресурсқа айналған қазіргі әлемде дәл осы білім – болашақтың ең сенімді капиталы.