Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсеков қайтыс болды. Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған, деп хабарлайды ult.kz Qumash.kz порталына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары соңғы айларда Аянға жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысым көрсетілуі мүмкін екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған.
Бұдан кейін қызметтік пәтер мәселесі көтерілген. Туыстарының айтуынша, Аян жұбайы және екі баласымен – бір және үш жастағы балаларымен бірге тұрған. Қызметтік баспана оған бірнеше ай бұрын берілген.
Аян болашақта судья болуды жоспарлаған. Туыстары оның жұмыстағы жағдайына қатысты барлық мән-жайды тексеруді сұрап отыр.
Сонымен қатар отбасы қызметкерлер тарапынан қысым болған-болмағанын, сондай-ақ Дүйсеков қайтыс болғаннан кейін кейбір қызметкерлердің еңбекке жарамсыздық парағын алғаны туралы ақпаратты тексеруді өтінді.
Полиция аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілмек.