Блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жауабына қатысты пікір білдіріп, шахматтың «басым спорт түрлерінің қатарына жатпайтыны» туралы ұстанымға күмән келтірді, деп хабарлайды ult.kz.
Шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында министрліктің ресми жауабын бірнеше рет оқып шыққанын айтып, бұл мәлімдеменің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған зияткерлік әлеуетті дамыту бағытымен қаншалықты үйлесетіні жөнінде сұрақ қойған.
Асаубаеваның айтуынша, әлемнің жетекші елдерінде шахмат тек спорт емес, стратегиялық ойлау мен интеллектуалдық капиталдың көрсеткіші ретінде бағаланады.
«Егер шахмат басым бағытқа жатпаса, онда Президент маған II және III дәрежелі «Барыс» ордендерін қандай еңбегім үшін табыстады?», - деп жазды спортшы.
Шахматшы қазіргі уақытта әлемдік рейтингте бесінші орында тұрғанын атап өтіп, өз жетістіктеріне жетуде ата-анасының қолдауы шешуші рөл атқарғанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның болашағы интеллект, білім, ғылым және адами капиталдың сапасымен айқындалады.
Сондай-ақ Бибісара Асаубаева Туризм және спорт министрлігінің ұстанымы Президент белгілеген даму бағытына сәйкес келе ме деген мәселені көтерді.
Еске салсақ, бұған дейін Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысына видеоүндеу жолдап, көмек сұраған болатын. Norway Chess-2026 беделді турниріндегі жеңісінен кейін ол Туризм және спорт министрлігі мен шахмат федерациясы тарапынан қаржыландыру мәселелері бар екенін мәлімдеген еді. Спортшының сауалына Туризм және спорт министрлігі жауап берді.