Freedom Inside '26

Бетін жабатын киім үшін 1600-ден астам адам жауапкершілікке тартылды

Бетін жабатын киім үшін 1600-ден астам адам жауапкершілікке тартылды
ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарын тағы бір мәрте еске салды, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда көзделген. Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық немесе ішінара жауып, жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынады.

Алайда бұл талап ауа райының қолайсыз жағдайларында, медициналық көрсетілімдер болған кезде, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау барысында және спорттық немесе мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу кезінде қолданылмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық алғаш рет тіркелсе, азаматқа ескерту беріледі. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайта қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

ІІМ дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта аталған талапты бұзғаны үшін 1613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Министрлік бұл шаралардың негізгі мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.