Қаржылық мониторинг агенттігі АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз экспорттаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, топ құрамында тоғыз адам болған. Заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін олар мұнай өнімдерін сатып алу, құжаттандыру және экспорттау жұмыстарымен айналысқан 12 заңды тұлғаны тіркеген.
Күдіктілер бензиннің шығу тегін заңдастыру мақсатында "Қара Май ОйЛ" ЖШС мен "Petro Bazis" ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжат бойынша кәсіпорындар бензинді түрлі қоспалармен араластырып, мұнай-химия өнімдерін өндірумен айналысқан болып көрсетілген.
Алайда тергеу барысында зауыттарда ешқандай технологиялық өңдеу жүргізілмегені анықталды. Бензин тек теміржол цистерналарына құйылып, кейін жалған құжаттар арқылы еріткіш немесе көмірсутек қоспасы ретінде рәсімделген.
Осының нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде декларацияланып, Қырғызстанға заңсыз шығарылып отырған. Бұл әрекеттер ел ішінде мұнай өнімдерінің тапшылығы сезілген кезеңде де жалғасқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, көлеңкелі айналым көлемі 37,2 млрд теңгеге жеткен.
Жедел іс-шаралар барысында "Түрксіб" станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын жанармай мемлекет меншігіне тәркіленді.
Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.