«Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының актері Меліс Наурызбековтың денсаулығы күрт нашарлап, қазіргі уақытта төсек тартып жатқанын театр директоры Мадияр Серікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, актер бел омыртқасына байланысты күрделі ота жасатқан. Дәрігерлер оған алты ай бойы тынығып, қозғалысты шектеуді ұсынғанымен, өнер иесі гастрольдік сапарларға қатысуын жалғастырған.
«Меліс денсаулығына байланысты жатып қалды. Гастроль алдында операция жасатты. Дәрігерлер алты ай бойы тұрмауды ескерткен еді. Бірақ концерттерге шығуға мәжбүр болды. Талдықорғанға барып келгеннен кейін жағдайы қайта нашарлап, ем қабылдады. Қазір белден төменгі жағы сыр беріп, аяғы істемей қалған. Концерттерге ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен шықты», – деді Мадияр Серікбаев.
Қазір актердің жағдайы бақылауда. Әлеуметтік желі қолданушылары мен әріптестері оған сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, дұғада екенін жазуда.