Желіде қырғыз жазушысы әрі философ Тұрысбек Мадылбайдың Орталық Азия халықтарының тарихына қатысты даулы пікір айтқан сұхбаты кең таралды. Оның мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында ол ежелгі кезеңде бұл аймақта қырғыздар үстемдік еткенін айтып, сол дәуірде өзге этностардың рөлі болмаған деген пікір білдірген.
Сонымен қатар ол ескі тарихи карталарда қазақ атауы кездеспейтінін, ал қазақ жүздері кейбір көне құжаттарда “қырғыз ордасы” ретінде көрсетілгенін алға тартқан.
Мадылбай сондай-ақ Қазақстанды Кеңес Одағы кезеңінде құрылған “жасанды мемлекет” деп сипаттап, Қырғыз қағанаты дәуірлеген уақытта қазақ пен өзбек халықтарының ізі болмағанын айтқан.
Бұл мәлімдемелер желі қолданушылары тарапынан кең сынға ұшырап, көптеген пікір білдірушілер оны тарихты бұрмалау деп бағалады. Қоғамда мұндай тұжырымдарға қатысты түрлі көзқарастар қалыптасып, қызу талқылау жалғасуда.