«Бәрін өз күшімізбен жасадық»: KNUS құрылтайшысы Нұрасыл Медеу өзі туралы қауесеттерге жауап берді

«Бәрін өз күшімізбен жасадық»: KNUS құрылтайшысы Нұрасыл Медеу өзі туралы қауесеттерге жауап берді
KNUS

KNUS университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу өзі туралы тараған қауесеттерге жауап беріп, оқу орнының ғимараты кімге тиесілі екенін, табыстың қалай бөлінетінін және студенттерге қандай гранттар берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Нұрасыл Медеу Президенттің туысы болуын үлкен жауапкершілік деп санайды. Оның айтуынша, бұл жағдайды өзі таңдамағанымен, алған мүмкіндіктерін ел мен халықтың игілігіне жұмсауға ұмтылады.

«Ең алдымен, осы отбасында дүниеге келгенім үшін Жаратқанға ризамын. Қан су емес қой. Әрине, бұл таңдауды өзім жасаған жоқпын. Дегенмен, осындай мүмкіндіктерге ие болғаныма, жаңа дүниелер жасауға мүмкіндік туғанына ризамын», – деді ол.

Оның сөзінше, Бауыржан Момышұлы айтқандай, жиырма жас – ерлік жасап, жаңа дүниелер құрып, алға ұмтылатын кезең. Сондықтан ол өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, Қазақстан мен халық үшін пайдалы істер атқаруды мақсат етеді.

Нұрасыл Медеу арғы атасының қазақ әдебиетіндегі өмірбаяндық жанрдың негізін қалаушылардың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мұраны жалғастыру және қалыптасқан деңгейден төмендемей, елге қажетті жаңа жобалар жасау маңызды.

«Университетті өз күшімізбен аштық»

KNUS университетінің құрылуы туралы сөз қозғаған Нұрасыл Медеу жобаны жүзеге асыруда кәсіби мамандардан құралған командаға сүйенгенін айтты.

Оның сөзінше, 2021 жылға дейін университет идеясын қолдаған, спорт саласындағы олқылықтарды көріп, оларды түзетуге үлес қосқысы келген мамандар жиналған. Ал оқу орнының алғашқы жылында 150 студент білім алған.

«Жаңа университетке сенім арту кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оның қандай оқу орны болатынын, болашағының қалай қалыптасатынын ешкім білмеді. Соған қарамастан, олар біздің идеямызға сеніп, бізге қосылды. Сөйтіп, осы жобаны бірге дамыттық», – деді ол.

Сондай-ақ Нұрасыл Медеу университетті ашуда айрықша артықшылықтарға сүйенді деген пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін команда жинап, жұмысты өз күштерімен атқаруға тура келген.

Университет ғимараты кімге тиесілі?

Сұхбат барысында Нұрасыл Медеу университет ғимаратының өзіне тиесілі екені туралы ақпараттарға да тоқталды. Ол университеттің ректоры емес, құрылтайшысы болғанын атап өтті.

«Жұрт арасында “Мұндай жас адам осыншама дүниеге қалай иелік ете алады?” деген әңгімелер айтылады. Мен әу бастан университеттің ректоры емес, құрылтайшысы болдым. Сондықтан бұл үдерісте басынан бастап бірге жұмыс істеген кәсіби мамандардан құралған командаға сүйендім», – деді ол.

Нұрасыл Медеудің айтуынша, университет орналасқан ғимарат мемлекет меншігінде. Ол ғимаратты өз меншігіндегі нысан ретінде басқаға сата алмайтынын айтып, бұл мәселеге қатысты ақпараттың ашық екенін жеткізді.

Оның мәлімдеуінше, ғимаратты пайдаланудан, соның ішінде жалға беруден түсетін кірістің 60 пайызы мемлекетке аударылады. Ал қалған пайда білім беру үдерісіне, соның ішінде студенттерге арналған гранттарды қаржыландыруға бағытталады.

Ауыл жастарына арналған гранттар

Нұрасыл Медеу университетте Life Chance Grant және Life Merit Grant бағдарламалары бар екенін айтты. Оның сөзінше, Life Chance Grant – өзі қаржыландыратын жеке грант. Ол студенттің оқу ақысын толық өтеп, тұруына, жол шығындарына және академиялық ұтқырлыққа байланысты сапарларына қаражат бөледі.

Гранттың басты ерекшелігі – ауылдық жерлер мен өңірлерден шыққан жастарға мүмкіндік беру. Бағдарлама бойынша Астана мен Алматы сияқты ірі қалалардан тыс жерлерде тұратын жастар үміткер бола алады.

Нұрасыл Медеудің айтуынша, грант иегерлері бірнеше талап бойынша іріктеледі. Үміткер ауылдық жерде тұруы, белгілі бір спорттық жетістіктерге ие болуы және сұхбат кезеңдерінен өтуі керек.

Ол студенттерді іріктегенде тек оқу үлгеріміне емес, олардың талпынысына, мақсатына және өзін көрсетуге деген ынтасына да мән берілетінін атап өтті.

«Біз үміткерлерді тек бағаларына қарап бағаламаймыз. Керісінше, олардың талпынысына, өздерін көрсетуге деген ынтасына, мақсатқа жету жолындағы әрекеттеріне және бойындағы қабілетіне көбірек мән береміз. Біздің мақсатымыз – шынымен де талантты, алға ұмтылатын жастарды қолдау», – деді KNUS құрылтайшысы.