Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді

Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді
Коллаж: ult.kz

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға сенбей, тергеудің ресми қорытындысын күтуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Базарбек Facebook парақшасында жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқанын және қажетті сараптамалардың қорытындысы күтіліп отырғанын жазды.

Оның айтуынша, өзі мен жұбайы тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген. Сондықтан оқиғаның мән-жайына қатысты барлық сұраққа қазір жауап бере алмайтынын жеткізді.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жұбайым екеуміз сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік», – деп жазды Базарбек.

Бұрынғы депутат тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына заң аясында объективті әрі әділ баға беретініне сенетінін айтты.