Freedom Inside '26

Банктер мен ондаған азаматты алдаған күдікті Қазақстанға жеткізілді

Банктер мен ондаған азаматты алдаған күдікті Қазақстанға жеткізілді
Видеодан скриншот

Қырғызстанда ұсталған, 1,8 миллиард теңгеден астам алаяқтыққа қатысы бар деген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды. Ол жәбірленушілер мен екінші деңгейлі банктердің қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған қылмыстық топтың мүшесі саналады, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022–2024 жылдары үш қазақстандық алдын ала сөз байласып, қайтарылмайтын автонесиелерді рәсімдеудің заңсыз схемасын ұйымдастырған.

Тергеу нұсқасы бойынша, олар азаматтарды автокөлік сатып алу үшін банктен несие алуға көндіріп, кейін көліктерді сатып жіберген. Ал түскен қаржыны өз қажеттеріне жұмсаған.

Бұдан бөлек, күдіктілер мүлде болмаған автокөліктерге де несие рәсімдеген. Ол үшін жалған көліктер Қырғызстаннан әкелінген деген желеумен Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында заңсыз тіркелген. Кейін осы көліктерді сатып алғандай етіп үшінші тұлғалардың атына банктерден несие рәсімделіп, алынған қаражат қылмыстық топ мүшелерінің иелігіне өткен.

Алдын ала есеп бойынша, заңсыз әрекеттер салдарынан екі екінші деңгейлі банк пен 77 азаматқа жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам шығын келген.

Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ал үшінші күдікті қылмыстан кейін елден бой тасалап кеткендіктен, халықаралық іздеуге жарияланған.

Жедел іздестіру барысында оның Қырғызстан аумағында жүргені анықталып, ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша күдікті елге экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.

Тағылған айып дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.