Ақтөбеде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында түнгі клубтардың бірінде заң бұзушылықтар анықталды. Полиция ойын-сауық орнын тексеру кезінде бірнеше тыйым салынған затты тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Клубтың ерлер дәретханасынан есірткіге ұқсас үш орама табылды. Сонымен қатар металл кастет пен екі жиналмалы пышақ тәркіленді. Қазір алынған заттардың құрамын анықтау үшін сараптама тағайындалды.
Тексеру кезінде бар сөресінің маңынан төрт кальян да табылған. Бұдан бөлек, түнгі уақытта клубта 17 жастағы жасөспірімнің болғаны анықталды.
Полиция бұл дерек бойынша ойын-сауық орнының әкімшілігіне қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру, темекі өнімдерін тұтынуға қатысты талаптарды бұзу және алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заң талаптарын сақтамау фактілері тіркелген.
Сондай-ақ клубтың күзет қызметкерлерінің тиісті еңбек шартынсыз жұмыс істегені анықталды.
Полиция бөліміне барлығы 17 адам жеткізілді.
Қазір тәркіленген заттардың есірткіге немесе айналымына тыйым салынған өзге де заттарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Полиция олардың заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау бойынша тергеу жүргізуде.
Сараптама нәтижесі мен тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалардың әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі.