Балқаштың орталық саябағында жаңа жасыл аймақ пайда болады

Балқаштың орталық саябағында жаңа жасыл аймақ пайда болады

Балқаштың орталық саябағында «Қазақмыс» корпорациясының бастамасымен 2,5 мың ағаш отырғызылып, жаңа жасыл аймақ құрылып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Көгалдандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Жоба бойынша орталық саябақ аумағына 500 қарағаш және 2 мың пирамидалы терек отырғызу жоспарланған.

Іс-шараға «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы қатысты.

Жұмыстар биіктігі шамамен 2,5 метр болатын ірі көшеттерді отырғызу арқылы жүргізіліп жатыр. Ағаштар топырақ түйіршігімен қазып алынып, арнайы дайындалған орындарға отырғызылады.

Жоба аясында ағаш отырғызылатын аумақ алдын ала дайындалып, тамшылатып суару жүйесі орнатылуда. Алғашқы суару жұмыстары да жүргізілді.

Жобаны іске асыруға жалпы 57,5 млн теңге бағытталған. Қаражат аумақты дайындауға, көшеттерді жеткізу мен отырғызуға, суару жүйесін орнатуға және басқа да қажетті жұмыстарға жұмсалады.

Барлық отырғызу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңа жасыл аймақ орталық саябақтың бір бөлігіне айналып, оны одан әрі абаттандыруға мүмкіндік береді. Жоба қалалық ортаның жайлылығын арттырып, Балқаш тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Қазақмыс» корпорациясы қатысатын өңірлерде экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен қалалық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп келеді.