Алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті. Қаскөйлер жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын айнытпай салып, оның туысына қауіп төнгенін айтып, шұғыл ақша сұрайды. Мұндай қулыққа әсіресе егде жастағы адамдар жиі алданып қалады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Талант Қалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Прокурордың сөзінше, алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданып жатыр. Соның ішінде жасанды интеллект арқылы адамның дауысын көшіріп, жақын туысының атынан қоңырау шалатын жағдайлар көбейген.
Қаскөйлер телефон арқылы адамның баласы, немересі немесе басқа жақын туысы қиын жағдайға тап болғанын айтып, дереу ақша жіберуді талап етеді. Мысалы, жол-көлік оқиғасына түскенін немесе басқа да келеңсіз жағдайға тап болғанын айтып, көмек сұрауы мүмкін.
«Мұндай тұзаққа көбінесе егде жастағы адамдар түседі. Олар өздеріне балалары немесе немерелері хабарласып тұр деп ойлайды. Таныс дауысты естіген соң, бірден көрсетілген нөмірге ақша аударады», – деді Талант Қалиев.
Прокурор мұндай қоңырау түскен жағдайда ақшаны бірден аудармауға шақырды. Оның айтуынша, адамның дауысын естігеннің өзінде ақпаратты міндетті түрде тексеру қажет.
«Қоңырауды бірден үзіп, жақындарыңызға өзіңізге белгілі нөмір арқылы қайта хабарласыңыз. Оның шынымен көмекке мұқтаж екенін анықтап алыңыз. Мұндай жағдайда тек дауысқа сенуге болмайды», – деп ескертті прокурор.
Мамандардың айтуынша, алаяқтардың басты қаруы – адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдалану. Сондықтан күтпеген қоңырау кезінде сабыр сақтап, ақпаратты бірнеше жолмен тексеру – ақшаңызды сақтап қалудың ең қарапайым тәсілдерінің бірі.