Балалар үйіне түскен күннен бастап: сот әйелдің баспана кезегіндегі құқығын 16 жылдан кейін қалпына келтірді

Балалар үйіне түскен күннен бастап: сот әйелдің баспана кезегіндегі құқығын 16 жылдан кейін қалпына келтірді
Ашық дереккөзден

Павлодар облысында сот бала кезінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әйелдің тұрғын үй құқығын қалпына келтірді. Ол баспана кезегіне 2008 жылдан бастап қойылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл тек 2014 жылы жүзеге асқан, деп хабарлайды Жоғарғы сот, деп хабарлайды ult.kz.

Сотта 2008 жылы Б. балалар үйіне орналастырылғаны анықталды. Алайда ол «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне алты жылдан кейін ғана қойылған.

2023 жылы уәкілетті орган Б.-ны басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткенін негізге алып, кезектен шығарып тастаған.

Әйел балалар үйіне қабылданған сәттен бастап, яғни 2008 жылдан есепке тұру құқығын қалпына келтіруді талап етіп, бірнеше рет жүгінген. Нәтижесінде ол кезекке қайта қойылған, бірақ алғашқы тіркелген күні – 2014 жылдан бастап есептелген.

Б. бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.

Сот әйелдің тұрғын үй кезегіне уақытында қойылмауы қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауынан болғанын анықтады.

Бұл ретте Б.-ның өзі жағдайға әсер ете алмаған. Өйткені тұрғын үй кезегіне тұру құқығы пайда болған кезде ол кәмелетке толмаған және баспана алу құқығын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған.

Сот сондай-ақ Б. тәрбиеленген балалар үйінің қазіргі уақытта таратылғанын ескерді. Уәкілетті орган әйелдің патронаттық тәрбиеде болғаны туралы істің мән-жайына құқықтық баға беруге әсер ететін дәлелдер ұсынбаған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, есепке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана алғанға дейін кезектен шығарылмайды.

Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен жекелеген лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері әйелдің тұрғын үй құқығының бұзылуына әкелген деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы балалар үйіне қабылданған күннен бастап, яғни 2008 жылдан бастап қалпына келтірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.