Балаға ат қою дәстүрі – ұрпаққа аманат

Балаға ат қою дәстүрі – ұрпаққа аманат


Фото: Астана Медресесi/vk.com

Қазақ халқы үшін дүниеге сәби әкелу ұрпақ жалғастығының, өмірдің мәні мен қуанышының белгісі. Ал сол баланың алғашқы рәсімі ат қою салты. Бұл дәстүр тек қана жаңа есім беру емес, сонымен бірге балаға тілек артып, оның болашақ тағдырын айқындау деп қарастырылған.

Тарихи негіздері

Ежелгі түркі заманынан бастап әрбір балаға ат қою тек отбасының ғана емес, бүкіл қауымның ісі болған. Баланың дүниеге келуі ұрпақ жалғасуының, елдің болашағының кепілі. Халықтық сенім бойынша дұрыс қойылған есім баланы бәле-жаладан сақтайды, оған күш-қуат береді. Батырлар мен әулиелердің атын беру бала қайратты, берекелі болсын деген ниеттен туындайды.

Ат қою рәсімінің мәні, қасиеті мен тағылымы

Қазақ үшін жаңа туған нәресте ұрпақтың жалғасы, елдің қуанышы. Сәбидің өміріндегі алғашқы рәсім ат қою халқымыздың ең қасиетті дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр ғасырлар бойы қалыптасып, ұлт болмысымен біте қайнасып кеткен. Қазақ қоғамында есім адамның өмірлік серігі, рухани айнасы. «Жақсы ат алға жетелейді» деп бекер айтылмаған. Себебі ел арасында баланың аты оның мінезіне, болашағына әсер етеді деген де сенім бар. Сондықтан ата-аналар баласына кез келген атты қоя салмаған, ырымдап, ізгі тілектерін білдіретін есімдер берген. Ат қою рәсімі әдетте нәресте туғаннан кейін 3 немесе 7 күн ішінде өтеді. Сәбидің құлағына ауылдың сыйлы ақсақалы немесе молда азан шақырып, үш рет жаңа есімін айтып, бата береді. Осылайша бала жаңа өмірге қадам басады.

Есім таңдаудағы ерекшеліктер

Дүиие есігін ашқан сәбиге ат қою ұрпақ жалғастығының бастауы, халықтың тарихы мен дүниетанымының айнасы. Әрбір есімнің артында терең мағына, ата-ана үміті мен халықтың өмірлік болмысын танытатын арман мақсаттары қатар тарихы тұрады.

Қазақтар ат таңдағанда оның мағынасына айрықша мән берген.

Арман мен үмітті білдіретін есімдер: Ұл балаға Батыр, Ержан, Қайрат, Ерболсын, Бақытжан сияқты; қыз балаға Айым, Нұргүл, Гүлнар, Мейірім сияқты аттар қойылады.

Жағдайға байланысты: Қиыншылық кездерде туған балаға Тілеміс, Жаңабек, Есенгүл сияқты есімдер берілген.

Табиғатқа байланысты: Жұлдыз, Айгүл, Күнсұлу, Бұлбұл сияқты аттар.

Әулие-әнбие есімдері: Мұхаммед, Әли, Фатима, Айша сияқты есімдер қойылған.

Ырымға байланысты: Қиындықпен туған балаға «Тілеміс», «Сүйіндік», «Өмірзақ» сияқты аттар берілген.

Тарихи тұлғалар мен батырлардың есімдері: Бауыржан, Қаныш, «Қобыланды», «Алпамыс», «Абай» бала солардай батыр, дана болсын деген тілекпен қойылған.

Ат пен тағдырдың байланысы

Қазақ халқының сенімінде адамның аты оның мінезіне, өмір жолына ықпал етеді.

Жыр-дастандардағы мысалдар:

«Алпамыс батыр» жырында бала сұраған Байбөрі мен Аналық ұзақ жыл перзентсіз жүріп, зарығып жеткен ұлдарына ерекше үміт артып, «Алпамыс» деп ат қояды. Бұл есім батырдың болашақта ел қорғаны боларына деген сенімнің айғағы болды.

Абылай ханға атын әжесі қойған. Оның шын аты Әбілмансұр. Жас кезінен даналық, батырлық көрсеткен, халқы хан сайлаған және оны «Абылай» атап кеткен.

«Қобыланды батыр» жырында Қобыландының аты оның айбыны мен қайратын сипаттайды. «Қобылан» сөзі қуатты, айбарлы деген ұғымды білдіреді. Ат пен тағдыр үндестігі батырдың ерлігінен көрінеді.

«Ер Тарғын» жырындағы кейіпкердің «Ер» атауы да оның ерлік жолына бағдар беріп тұр.

Тарихи тұлғалардан мысалдар:

Ұлы ақын Абайдың азан шақырып қойылған аты Ибраһим. Бірақ халық оған «Абай» (сақ, ойлы, байқампаз) деп ат қойды. Бұл ат оның тағдырымен үйлесіп, даналық жолына бастады.

Қаныш Сәтбаевтың есімі « қанағат табу» мағынасында. Ол шынында да ел ғылымын қанағаттандырған ірі ғалымға айналды.

Ырымға қатысты мысал:

Кей өңірлерде бала шетіней берген соң, ата-анасы жаңа туған сәбиге «Тоқтар» немесе «Тұрсын» деп ат қояды. Бұл бала өмір сүрсін, тоқтасын деген ырымнан туған. Шынында да мұндай аттардан кейін баланың ғұмыры ұзақ болған жағдайлар аз емес.

Ат пен тағдырдың үндестігі

Қазақ танымында есім адамның мінезі мен болмысына әсер етеді деген сенім бар. Жыр-дастандар мен тарихта есім мен тағдырдың сәйкестігіне мысалдар баршылық:

«Алпамыс батыр» жырында Байбөрі зарығып жеткен ұлына үміт артып, «Алпамыс» деп ат қояды. Есім батырдың сағат-мимнут сайын өсіп-жетілуін, ерлік жолын айқындайды.

«Қобыланды батыр» атының өзі айбарлы, қуатты. Ол батырдың мінезімен үйлеседі.

Абай халық қойған ат. «Сақ, байқампаз» деген мағыналы сөз ұлы ақынның тағдырымен үйлесіп кетті. Бұл халықтың жүрек қалауымен берген есімінің күші. Жақсы ат – алға жетелейді деп әрбір есімге осылайша тілек қосқан.

Жас ұрпаққа мәнді, тәрбиелік мағынасы бар аттар беру елдік парыз. Қазіргі заман мәселесі

Балаға ат қою қазақ дәстүріндегі ең алғашқы әрі ең қасиетті ғұрып. Ол арқылы ұрпаққа бата беріледі, үміт артады, тағдырына бағыт сілтенеді.

Халық даналығында айтылғандай, «Аты жақсы өзі жақсы». Сондықтан мағынасыз есімдерден аулақ болып, әрбір балаға ұлттық болмысқа сай, терең мәнді ат қою біздің рухани міндетіміз.

Әрбір есім ата-ананың үміті, баланың болашағына бағытталған тілегі. Өкінішке қарай, бүгінде мағынасыз, жеңіл-желпі есімдер көбейіп барады. Бұл ұлттық болмыстан аластатылатын құбылыс. Жаңа туған сәбиге ат қоярда сәнге ілесіп, батыстық үгідегі атауларды таңдау дәстүрлі құндылыққа қауіп төндіреді.

Әр ата-ана баласына ат қойғанда оның мағынасына, тарихына мән беруі керек.

Ұлттық әдебиет пен жыр-дастандардағы есімдерді қайта жаңғырту маңызды

 Қазіргі заманауи есімдер

Бүгінгі күні ата-аналар ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заманауи мәні бар әдемі есімдерді таңдауға құштар.

Ұлдарға қойылатын қазіргі есімдер:

Әлихан

Әмір

Арсен

Данияр

Айдын

Қыздарға қойылатын қазіргі есімдер:

Аружан

Айлин

Әмина

Мадина

Томирис

Назерке

Айша

Бұл есімдер де балаға ізгі тілекпен беріледі және қазақ дәстүрімен үйлесім табады.

Қорытынды

Балаға ат қою қазақ халқының ұрпаққа деген жауапкершілігін көрсететін дәстүр. Әрбір есім ата-ананың арман-тілегі, ұрпаққа қалдырған аманаты. Жақсы ат қою арқылы біз баланың болашағына ізгілік дәнін егіп, ұлттық құндылықтарды сақтап қаламыз.


Қарлығаш Шакирова