Балабақша кезегі қысқарды: ваучерлік қаржыландыру қалай жұмыс істейді?

Балабақша кезегі қысқарды: ваучерлік қаржыландыру қалай жұмыс істейді?
inbusiness.kz

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұру жүйесін өзгертуге бағытталған ваучерлік қаржыландыру пилоты оң нәтиже көрсетіп отыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген жаңа механизм негізінде іске асуда, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін мемлекеттік тапсырыс белгілі бір балабақшаға бекітіліп, бюджет қаржысы ұйымдарға бөлінетін. Мұндай тәсілде кезектің ұзақ болуы, балабақшалар арасында бәсекелестіктің төмендігі және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сияқты мәселелер туындаған.

Ваучерлік жүйеде басты өзгеріс – қаржы балабақшаға ғана емес, баланың өзіне байланыстырылады. Яғни балаға ваучер беріліп, ата-ана сол ваучер арқылы балабақшадағы орнын таңдай алады. Бұл мектепке дейінгі ұйымдардың ата-ана мен балаға сапалы қызмет ұсынуына бәсекелестікті арттырады.

Жаңа жүйеде арнайы цифрлық механизм де енгізілген. Ол ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, күмәнді жағдайлар мен заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша жалған контингентті тіркеу және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану тәуекелі азаяды.

Қазір ваучерлік қаржыландыру пилоты 20 қала мен 23 ауданда жүзеге асырылып жатыр. Жобаға шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйым қатысады. Осы уақытқа дейін 1 миллионнан астам ваучер берілген.

Жаңа жүйенің нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар саны артқан. Ал 2-6 жастағы кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайған.

Тағы бір маңызды нәтиже – бюджет қаражатының үнемделуі. Пилот аясында 35 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген. Үнемделген қаражат есебінен қосымша ваучерлер беріліп жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа модель балабақшаға қабылдау процесінің ашықтығын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.