Танымал әнші Алтынай Жорабаева екінші қызы Айнараны ұзатып, әлеуметтік желіде жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі қызының бала күнін еске алып, өміріндегі ең толқынысты сәттердің бірімен бөлісті.
«Қызым, кеше ғана кішкентай алақаныңмен менің саусағымнан ұстап, алғашқы қадамыңды жасаған едің. Бүгін сол қолыңды өмірлік жарыңа ұстатып тұрмын…», – деп жазды әнші.
Алтынай Жорабаева қызына отбасы құндылықтарын сақтау жөнінде ақ тілегін арнап, бақыттың материалдық дүниеде емес, жанұяның бірлігі мен сыйластығында екенін атап өтті.
«Есіңде болсын, байлық – дүниеде емес, отбасының бірлігінде. Бақыт – салтанатта емес, сыйластық пен сүйіспеншілікте. Шаңырағыңнан күлкі кетпесін, дастарханыңнан береке үзілмесін. Барған жеріңде бағың жансын. Жолдасың екеуің бір-біріңе пана, бір-біріңе жұмақ болыңдар», – деп ақ батасын берді.
Алтынай Жорабаеваның шашбауын көтеріп, ұлан асыр тойға өнер иесінің 400-ге жуық жанашыры қатысты. Өнерпаздар тойға ән шашу арнап, Алтынай Жорабаеваның бойжеткендері бірінен бірі өткен ақылды, сұлу, инабатты екенін тілге тиек етті.
Алайда тойды онлайн көрген көрермендер айтулы мерекеге әншінің бірінші жұбайы Сәбит Әбдіхалықовтың да, екінші жұбайы Алишер мырзаның да қатыспағанын тілге тиек етті.
«Бала деген анаға керек екен тек қана», «Сәбитті қойшы, ол кеткен адам. Мына Алишер неге тұрмадың қасында қақпақтай болып? Бауыр беру оңай емес, арине, бірақ арты той болсын деп Алтынайды жалғыз тұрғызбауың керек еді дәл осы кезде». «Не жағдай болса да, арада қандай реніш болса да папасы келуі керек еді қызы үшін», - деп жазды оқырмандар.