2026 жылғы 16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (БАКАД) жол жүру ақысын төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Өзгерістер Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жол жүру ақысын уақытылы төлейтін жүргізушілер үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталады. Көлік құралының санатына қарай жол ақысы 0,07 АЕК-тен (302,75 теңге) 0,22 АЕК-ке (951,5 теңге) дейін болады.
Ал жол ақысы тіркелген күннен кейін жеті жұмыс күні ішінде төленбеген жағдайда негізгі тариф қолданылады. Бұл ретте төлем мөлшері көлік санатына қарай 0,14 АЕК-тен (605,5 теңге) 0,44 АЕК-ке (1903 теңге) дейін өседі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер жол жүру ақысын уақытылы төлеуді ынталандыруға бағытталған және төлемді мерзімінде жүргізетін пайдаланушыларға қосымша қаржылық жүктеме әкелмейді.
Сонымен қатар жол жүру ақысын есептеу тәртібі өзгеріссіз қалады. Бұрынғыдай төлем көлік құралының санатына және ақылы жол учаскесінде бір сағатқа дейін болуына қарай есептеледі. Жүріп өткен қашықтық жол ақысының мөлшеріне әсер етпейді.
Сондай-ақ Алматы облысының Талғар, Қарасай және Іле аудандарының тұрғындарына арналған қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Олар үшін айлық және жылдық абонементтердің құны өзгеріссіз қалады.
Жаңа ережелер ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 16 тамыздан бастап күшіне енеді.