Бұрын Қайрат Сатыбалдының отбасына тиесілі болған «Байсат» базары бір жылға жуық уақыттан бері сатылымға шығарылғанымен, оған әлі күнге дейін сатып алушы табылмаған, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, базарды сату бойынша бірнеше рет аукцион ұйымдастырылғанымен, инвесторлар тарапынан өтінім түспеген.
«Бұл сұраныстың төмен болуына немесе инвесторларда мұндай көлемдегі қаражаттың болмауына байланысты болуы мүмкін. Егер нысан алдағы уақытта да сатылмаса, оны Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылуы ықтимал», – деді комитет төрағасы.
Мамыр айының соңында базар үлесі кезекті рет аукционға қойылған. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты сауда өткізілмеген деп танылды.
«Байсат» базарын сату әрекеттері бірнеше рет жасалды. Алғашында нысан 28,6 миллиард теңгеге бағаланса, кейін оның құны 26,7 миллиард теңгеге дейін төмендетілді. 2026 жылдың қаңтарында баға тағы арзандатылып, 24,7 миллиард теңгеге ұсынылды.
«Байсат» – Алматыдағы ірі көтерме-бөлшек сауда орталықтарының бірі. Тергеу барысында нысанның бір бөлігі мемлекетке ерікті түрде қайтарылғаны, ал қалған үлестері сот шешімімен тәркіленгені белгілі болды. Сондай-ақ базардың кезінде заң бұзушылықтармен және төмендетілген бағамен жекешелендірілгені анықталған.
Еске салайық, Қайрат Сатыбалды 2022 жылы аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған. Кейін мемлекетке жүздеген миллиард теңгенің активтерін қайтарды. Ал 2024 жылдың тамызында сот оның қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған болатын.