Баян Алагөзова дін туралы жазбасына қатысты түсініктеме беріп, кешірім сұрады

Баян Алагөзова дін туралы жазбасына қатысты түсініктеме беріп, кешірім сұрады
Instagram/bayanmaxatkyzy

Баян Алагөзова Threads-тегі діни тақырыптағы жазбасына қатысты жаңа пікір білдіріп, сенушілердің көңіліне тиген сөздері үшін шын жүректен кешірім сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсер бұған дейінгі жазбасы қоғамда үлкен пікірталас тудырғанын айтып, бұл тақырыпқа жалғасын жазуға тура келгенін жеткізді.

«Менің сөздерім діндар адамдардың көңіліне тиді, шын жүректен кешірім сұраймын. Мен әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын, тек бұл біреуге зиян келтірмеген жағдайда», – деп жазды Алагөзова.

Ол өзін дінге қарсы адам ретінде көрсетпеуді сұрады. Айтуынша, оның қарсылығы діннің өзіне емес, радикалды және фанатикалық насихатқа, сондай-ақ өзге адамдарға белгілі бір діни догмаларды күштеп таңатындарға бағытталған.

Алагөзова сонымен қатар әйелдердің құқықтарына қатысты мәселелерді көтерді. Ол қыздардың ерте жаста тұрмысқа шығуына, білім мен медициналық көмек алуына шектеу қойылуына, әйелдердің қоғамдағы дербестігін шектеуге және зорлық-зомбылыққа үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

«Қызыңыздың немесе әпкеңіздің жеке тұлға емес, біреудің қосымшасы болғанын қалайсыз ба? Оның рұқсатсыз қоғамда көрінуіне немесе сөйлеуіне болмай ма? Өзін және балаларын қарапайым түрде қорғай алмауы керек пе? Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын!», – деді ол.

Продюсер өз сөзінде Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен дәстүріне қатысты ұстанымын да атап өтті.

«Мен әрқашан ұлттық мәдени кодымызды қорғадым және қорғай беремін. Мен ешқашан өз тамырымнан, ата-бабамнан және дәстүрлерімнен жоғары ештеңе қоймаймын. Бұл – менің таңдауым және менің жолым. Мен зайырлылықты қолдаймын», – деп жазды Баян Алагөзова.

Осылайша, ол өзінің бұған дейінгі «72 пәк қыз», жұмақ пен тозақ және діни насихат туралы айтқан сөздеріне байланысты ұстанымын түсіндіріп, дін мен радикалды діни насихатты бір-бірінен ажырататынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзованың діни жазбасына қатысты арыз түскен болатын.