Баян Алагөзова Аша Матайды қорғап сөйледі (ВИДЕО)

Баян Алагөзова Аша Матайды қорғап сөйледі (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Продюсер Баян Алагөзова депутаттыққа үміткер болып жатқан жиені, әнші әрі тележүргізуші Аша Матайға қатысты қоғамда айтылып жатқан сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желідегі видеомәлімдемесінде ол Аша Матайдың бүгінгі жетістіктеріне өз еңбегімен жеткенін айтып, өнер адамдарының саясатқа келуіне қарсы көзқарасты сынға алды.

"Заңгер, мұғалім, дәрігер депутат бола алады да, неге әртіс депутат бола алмайды? Басқалардан заңды, бюджеттің қалай бөлінетінін сұрап керек емес те, тек мәдениет саласының адамдарынан сұрау керек пе? Неге елдің бәрі әншілер мен әртістерді депутаттыққа лайықсыз деп санайды?", - деді Баян Алагөзова.

Продюсердің сөзінше, әлеуметтік желідегі сын мен жағымсыз пікірлер Аша Матайдың психологиялық жағдайына әсер етіп, оған ауыр тиіп жатқан көрінеді.

"Қазір оған өте ауыр. Ол осы жолда жалғыз өзі қалғандай болып отыр. Мен оны бәрібір жақсы көремін және қолдаймын. Депутат болса да, болмаса да - ол мен үшін лайықты адам. Ол нәзік әйел, екі баланың анасы", - деді ол.

Сонымен қатар Баян Алагөзова әйелдердің қоғамдағы орны мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, өзі көп жылдан бері екі реабилитациялық орталықтың жұмысын қолдап келеді және әйелдердің құқығын қорғау бағытында еңбек етіп жүр. Продюсердің пікірінше, қоғамда әйелдерге қатысты ескі көзқарас әлі де толық өзгерген жоқ.