«Әзіл деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі сотта қайғылы хабарды қалай естігенін айтты

«Әзіл деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі сотта қайғылы хабарды қалай естігенін айтты
Коллаж: ult.kz

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Сот отырысында марқұмның экс-күйеуі Әділет Зейнел қайғылы жағдайдан қалай хабардар болғанын айтып берді.

Оның сөзінше, оқиға болған күні екеуі жұмысқа бірге барған. Сағат 10:00 шамасында Ұлдана зардап шеккен адамды ауруханаға жеткізу үшін кеткен. Осыдан кейін ол хабарламаларға жауап бермей қойған.

Шамамен 50 минуттан кейін Әділет Зейнелге телефон шалып, Ұлдананың қабылдау бөлімінде жатқанын хабарлаған. Алайда ол бастапқыда бұл ақпаратты әзіл деп қабылдағанын айтты. Кейін төмен түсіп, марқұм әйелінің денесін өзі таныған.

Сотта Зейнел сондай-ақ 19 қарашада Ұлдананың әпкесімен бірге әкімдікке барғанын айтып берді. Оның сөзінше, сол жерде мәслихат депутаты марқұмның отбасына 20 миллион теңгені қолма-қол берген.

Алайда бұл ақшаға қатысты ешқандай құжатқа қол қойылмағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылған жерге жедел жәрдем бригадасымен барған. Құтқару жұмыстары кезінде ғимараттан кондиционер құлап, фельдшер ауыр жарақат алған. Ол 10 күн жансақтау бөлімінде жатып, 18 қарашада көз жұмды. 

Қазір іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сотта оқиғаның мән-жайы мен оған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.