Азия ойындарында алтын алған спортшыларға 50 мың доллар беріледі

Азия ойындарында алтын алған спортшыларға 50 мың доллар беріледі
ашық дереккөзден

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада ұлттық құраманың қорытынды оқу-жаттығу жиынында спортшыларға XX жазғы Азия ойындарындағы алтын медаль үшін қанша сыйақы төленуі жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомство басшысының сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортшыларды қосымша ынталандыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Азия ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін сыйақы көлемін едәуір арттыру көзделуде.

Оның айтуынша, тиісті тапсырма өңірлерге берілген. Осыған байланысты журналистер сыйақы мөлшері қанша болатынын сұрады.

«Бұл норманы заңнамалық тұрғыда енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін спортшылар 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Енді алтын медаль үшін 50 мың доллар төлеуді жоспарлап отырмыз. Алайда дәл осы Азия ойындарында сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен беріледі. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Расында, Азия ойындарындағы алтын медальдің маңызы өте жоғары. Азия құрлығында бәсекесі өте мықты құрамалар мен елдер бар. Сондықтан алтын медаль жеңіп алу оңай емес», - деді ол.

Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындарында спорттың 35 түрінен 570-нен астам отандық спортшы сынға түседі. Туризм және спорт министрі Ұлттық құраманың бірқатар көшбасшысының есімін атады.

Құрама сапына дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов енді. Сондай-ақ Қазақстан атынан семсерлесуден әлем чемпиондары Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.

Қатысушылар қатарында Азия чемпионы Ирина Бакалдина, қылыштасудан Айгерім Сарыбай, Анастасия Гулик және Карина Доспай, сондай-ақ Артем Саркисян, Назарбай Саттархан мен Нұрмұхаммед Жайлыбай бар.

Үстел теннисінен Қазақстан сапында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев және Сарвиноз Миркадирова бақ сынайды.

Министрдің айтуынша, жалпы ұлттық құрама сапында 570-тен астам спортшы болады.