Аймағамбетов TikTok-тағы балалар мен смартфон мәселесін көтерді: «Цифрлық кодекс» не өзгертеді?

Аймағамбетов TikTok-тағы балалар мен смартфон мәселесін көтерді: «Цифрлық кодекс» не өзгертеді?

Фото: Gov.kz


Бүгін Мәжілісте «Цифрлық кодекс» жобасы талқыланып, депутат Асхат Аймағамбетов үш өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.


Депутат ең алдымен цифрлық теңсіздік пен офлайн қолжетімділік проблемасына тоқталды. Оның сөзінше, интернеттің жоқтығы немесе цифрлық құралдардың болмауы тек ауыл тұрғындарына ғана емес, егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қиындық туғызуда.


«Мемлекеттік қызметтердің көбі онлайн көрсетіледі, бірақ барлығының смартфон не компьютер пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әлеуметтік осал топтарға офлайн форматта қызмет алуға жағдай жасалуы керек», — деді Аймағамбетов.


Екінші көтерілген тақырып — балалардың әлеуметтік желілерге еркін тіркелуі. Депутаттың айтуынша, қазір 5-6 жасар балалардың TikTok пен Instagram-ға ата-анасының рұқсатынсыз тіркеле алуы алаңдатарлық.


«Кей елдерде тіркелу жасы 15-16 жас деп белгіленген. Ал АҚШ пен Ұлыбританияда ата-ананың арнайы рұқсаты қажет. Бізде бұл бағытта қандай шаралар қарастырылып жатыр?» — деді депутат.


Үшінші мәселе — мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу. Аймағамбетовтың айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен кейбір инновациялық білім ордаларында бұл тәжірибе жақсы нәтиже берген.


«Телефонға тыйым оқу үлгерімін жақсартып, оқушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтты. Мұны Цифрлық кодекс аясында қарастыруға бола ма?» — деп сұрады ол.


Осы сұрақтарға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жауап берді. Оның айтуынша, жаңа кодекс аясында алғаш рет «мемлекеттік цифрлық платформа» ұғымы енгізілмек. Бұл мемлекеттік органдар үшін бірыңғай стандарт пен архитектура қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Мунның сөзінше, құжатта әлеуметтік осал топтар мен мүгедектігі бар адамдарға тең қолжетімділік қағидаттары қарастырылған. Ал балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты министрлік балалардың дамуы мен онлайн қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті.


Смартфонға тыйым салу мәселесіне келсек, вице-министр мұндай норма кодексте қарастырылмағанын айтты.


«Біздің ұстаным — жастарды технологияны шектемеу, керісінше оны тиімді және қауіпсіз пайдалануға үйрету», — деді ол.