Қазақстандағы конституциялық реформа елдің саяси жүйесіне елеулі өзгерістер әкелді. Испаниялық заңгер, конституциялық құқық профессоры Карлос Уриарте Санчестің пікірінше, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция мемлекеттік институттардың құрылымын жаңартып, азаматтардың саяси процестерге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашты, деп хабарлайды ult.kz.
Сарапшы негізгі өзгерістердің бірі ретінде бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайдың құрылуын атады. Сондай-ақ ол депутаттарды бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен сайлау жаңа саяси жүйенің ерекшеліктерінің бірі екенін айтты.
«Конституциялық-құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл – ауқымды өзгеріс. Әңгіме заң шығарушы органның атауын немесе құрылымын ғана өзгерту туралы емес. Бұл парламенттік модельді қайта қарауды және азаматтар, саяси партиялар мен заң шығарушы билік арасындағы жаңа өзара қарым-қатынасты қалыптастыруды білдіреді», – деді Карлос Уриарте Санчес.
Оның айтуынша, 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауы жаңа мемлекеттік институттардың жұмысын бастап, Қазақстанның саяси жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашты.
«Өкілді демократия тек дауыс берумен шектелмейді. Азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы, өз ұстанымынұұ білдіруі, саяси қызметпен айналысуы және сайлауға өз кандидатурасын ұсынуы да маңызды», – деді ол.
Карлос Уриарте Санчес қоғамның әртүрлі топтарының саяси процестерге қатысуына да тоқталды. Оның айтуынша, жаңа сайлау жүйесінде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік институттардағы өкілдігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылған.
Бұл Құрылтай құрамынан да көрініс тапты. 23 тамыздағы сайлау қорытындысы бойынша 145 депутаттың 49-ы – әйелдер.
«Мемлекеттік институттардың қоғамның сан алуандығын қаншалықты көрсете алатыны – олардың өкілдік деңгейін бағалаудағы маңызды өлшем. Әйелдер мен қоғамның басқа да топтарының саяси процеске қатысуы бұл мүмкіндіктерді кеңейтеді», – деді испаниялық заңгер.
Сарапшы Қазақстанда жүріп жатқан өзгерістерді институционалдық жаңғыртудың жалғасы ретінде қарастыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, жаңа жүйенің нәтижелілігі азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндігіне, мемлекеттік институттардың ашықтығына және олардың жұмысында қоғам мүддесінің қаншалықты ескерілетініне байланысты болады.