«Соғыс аймағына жіберілу қаупі бар»: СІМ Ресейдегі қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

«Соғыс аймағына жіберілу қаупі бар»: СІМ Ресейдегі қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр
ашық дереккөз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейде жүрген және Украинадағы соғыс аймағына жіберілу қаупіне тап болған қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

СІМ-нің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, әлеуметтік желіде көмек сұраған азаматтардың әр өтініші мұқият тексеріледі. Тексеру аяқталған соң қазақстандықтардың тізімі Ресей тарапына жолданады.

Бұған дейін Ресейде жүрген бір топ қазақстандық бейнеүндеу жариялап, өздерін Ресей Қорғаныс министрлігіне қатысты құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегенін және Украинадағы соғыс аймағына жіберілу қаупі барын айтқан.

5 қазанда жарияланған видеода ер адам елшілік пен адвокаттардан көмек күтіп отырғандарын жеткізді. Оның сөзінше, бастапқыда топта шамамен 15 адам болған, кейін олардың саны он шақтыға дейін азайған.

СІМ бұл мәселеге қатысты Ресей тарапымен түрлі деңгейде байланыс жасап жатыр. Қазақстанның Ресейдегі елшісінің Ресей СІМ және Қорғаныс министрлігі басшылығымен кездесуі жоспарланған.

Министрлік соғыс аймағында жүрген қазақстандықтардың туыстарын азаматтардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және еңбек келісімшарты туралы ақпаратты тікелей СІМ-ге немесе дипломатиялық өкілдіктерге беруге шақырды.

Жедел байланыс:

ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті: +7 (7172) 72-05-00**, **[Dks_ast@mfa.kz](mailto:Dks_ast@mfa.kz)

ҚР-дың Ресейдегі елшілігі: +7 (925) 897-71-14, [consul.moscow@mfa.kz](mailto:consul.moscow@mfa.kz)

Сондай-ақ Астрахань, Қазан, Омбы, Екатеринбург және Санкт-Петербург қалаларындағы Қазақстанның бас консулдықтарының жедел желілері жұмыс істейді.