Аяздың орнын қар мен бұрқасын басады

Аяздың орнын қар мен бұрқасын басады

Елімізде алдағы үш күнде аяздың беті қайтады, дегенмен 10 ақпанда кей өңірлерде бұрқасын болады, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға "Қазгидромет" инженер-синоптигі Лаура Сайлыбаева.

"Еліміздегі ауа райын анықтайтын ауқымды антициклон ақырындап Батыс Сібірге шегіне бастады, онымен бірге аяз да қайтып жатыр. Алдағы екі тәулікте Қазақстанның көптеген облысында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Алайда 10 ақпанда солтүстік-батыс, солтүстік және орталық облыстардың кей жерлерінде қар жауып, бұрқасындатады, күшті жел соғады деп болжануда", — дейді Сайлыбаева.

Ал бүгін атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынды болады, тек батыста, оңтүстік-шығыста күн ашық. 

 

Жамбыл облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді – 15-20 м/с, таңертең және күндіз екпіні 23-28 м/с жетуі мүмкін.
  
Қарағанды, Ақмола облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болып, жел күшейеді – 15-20 м/с. 

Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болып, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.
 
Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман, көктайғақ болады, күндіз кей жерлерде желдің күші 15-20 м/с жетеді. 

Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерінде тұман түседі, таңертең және күндіз жел 15-20 м/с күшейеді. 

Павлодар облысының кей жерлерінде жел күшейеді – 15-20 м/с, күндіз кей жерлерінде көктайғақ болады. 

Маңғыстау облысының кей жерлерінде тұман түседі, күндіз  жел 15-20 м/с күшейеді. 

Атырау, Батыс Қазақстан, түнде Алматы облыстарында тұман түседі деп болжанып отыр.