Автобустағы жанжал: Екінші тарап өз нұсқасын айтты (ВИДЕО)

Автобустағы жанжал: Екінші тарап өз нұсқасын айтты (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Бішкекте №2 автобуста жолаушылар арасында болған жанжалға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаға қатысушылардың бірі – 34 жастағы Паризат болған жағдайды баяндап, өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Паризаттың сөзінше, жанжал болған күні ол екі тәулік жұмыс істеп, үйіне қайтып келе жатқан. Кейін анасымен бірге ауруханаға бару үшін телефон арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып отырған.

Оның айтуынша, сол сәтте қасына келген әйелдің орын беруін сұрағанын байқамай қалған. Паризаттың пікірінше, жолаушы оның өтінішті әдейі елемей отырғанын түсінген болуы мүмкін.

«Ол менің мойнымнан итеріп, бала тәрбиеме қатысты ауыр сөздер айта бастады. Мен оған жауап бермей, ауруханамен сөйлесуді жалғастыра бердім», – деді Паризат.

Телефондағы қоңырауын аяқтағаннан кейін ол жағдайды түсіндіру үшін әйелдің қасына барған. Паризаттың айтуынша, ол телефонымен әлгі әйелді нұсқап, назарын аударғысы келген. Алайда бұл қимылын айналадағылар басқаша түсінуі мүмкін екенін атап өтті.

«Мен жағдайдың қалай болғанын түсіндіргім келді. Бірақ ол маған шабуыл жасап, ұрып, шашымнан тарта бастады. Мен де ашуға беріліп, телефонды лақтырып жібердім», – деді ол.

Паризат өз әрекетін де дұрыс деп есептемейтінін айтты.

«Иә, менің де оғаш әрекет жасағаным рас. Мен де эмоцияға беріліп кеттім», – деді ол.

Қазір автобуста болған жанжал бойынша тиісті тексеру мен тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін оған құқықтық баға беріледі.