Ауылды жерде жантүршігерлік жарылыс болды: 46 адам ажал құшты

Ауылды жерде жантүршігерлік жарылыс болды: 46 адам ажал құшты
Фото: Видеодан кадр

Мьянманың солтүстік-шығысында жойқын жарылыс болып, кемінде 46 адам қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға 31 мамыр күні Мьянманың Шан штатындағы Намхкам округіне қарасты Каунгтуп ауылында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыс тау-кен өндірісінде қолданылатын жарылғыш заттар сақталған ғимаратта болған.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, апат салдарынан кемінде 46 адам көз жұмып, тағы 70-тен астамы түрлі жарақат алған. Қаза болғандардың арасында алты баланың бар екені айтылды. Зардап шеккендер жергілікті ауруханаларға жеткізіліп, құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 

Жарылыс Қытай шекарасынан шамамен 3 шақырым жердегі елді мекенде болған. Апаттан кейін жақын маңдағы 100-ден астам тұрғын үй зақымданып, кейбірі толық қираған. Оқиға орнынан түсірілген кадрларда қою түтін мен үйінділердің көп болғаны байқалады. 

Жергілікті билік пен құтқарушылардың мәліметінше, қоймада гелигнит деп аталатын өндірістік жарылғыш зат сақталған болуы мүмкін. Мамандар бұл заттың ұзақ уақыт дұрыс сақталмауы немесе қауіпсіздік талаптарының бұзылуы жарылысқа себеп болуы ықтимал екенін айтуда.