Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусинов алғаш рет ішімдікке қатысты мәселесі туралы ашық айтып, жанкүйерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Спортшы бұл туралы Instagram-дағы Stories жазбасында мәлімдеген. Оның сөздерін Sports.kz басылымы жариялады.
Елеусиновтың айтуынша, Олимпиададан кейін оның өмірінде ішімдікке байланысты қиындықтар пайда болған. Боксшы бұл жағдайдың қалайша ауруға айналып кеткенін өзі де түсінбейтінін айтты.
Ол жұртшылықтан қиын жағдайына күліп, оны айыптамауды сұрады.
«Бұл сіздердің басыңыздан өтпейінше, менің қиындықтарыма күлмеңіздер», – деген спортшы ішімдікке қатысты мәселелерді өзі үшін жаңа сынақ деп атады.
Елеусинов қазір кей адамдардың оны «алқаш» және «алкоголик» деп атайтынын да атап өтті. Алайда ол қандай жағдай болса да, олимпиада чемпионы болып қала беретінін және өз ісін жалғастырып жатқанын айтты.
Боксшы өзін өзгелерден жақсы көрсетуге тырыспайтынын әрі ақталмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов көлікті ішімдік ішіп айдағаны үшін қамалып, көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ал шілде айының соңында Қарағандыда Данияр Елеусиновтың әйеліне қатысты сот үкімі шыққан. Ол екі жергілікті тұрғынға дене жарақатын салу ісі бойынша кінәлі деп танылған.