Freedom Inside '26

Әуеде 2 ұшақ соқтығысып, борттағылардың бәрі көз жұмды

Әуеде 2 ұшақ соқтығысып, борттағылардың бәрі көз жұмды
Фото: әлеуметтік желі

Рио-де-Жанейрода екі тікұшақ соқтығысып, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында екі тікұшақ әуеде соқтығысып, салдарынан алты адам көз жұмды. Қайғылы оқиға қаланың батыс бөлігіндегі Recreio dos Bandeirantes ауданында болған.  

Жергілікті өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, соқтығысқан тікұшақтардың бірі автодилерлік орталықтың автотұрағына құлаған. Салдарынан өрт шығып, ондаған көлік зақымданған. Кейбір ақпарат көздері өрттің шамамен 20 көлікті шарпығанын хабарлады.  

Оқиға орнында жедел құтқару жұмыстары жүргізілгенімен, тікұшақтардағы алты адамның барлығы қаза тапқан. Қазір Бразилия билігі апаттың нақты себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мамандар пилоттардың әрекеті мен әуе қозғалысын бақылау қызметінің жұмысын тексеруде.  

Куәгерлердің айтуынша, әуеде соқтығысқаннан кейін тікұшақтардың бірі бақылаудан шығып, жерге құлаған. Оқиғаның видеолары әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жұртшылықтың қызу талқысына түсті.