Жангелдин ауылында жоғалған отбасының ісіне қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіру арқылы танылған блогер Түркия аумағында қолға түсіп, Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Түркияда құрықталған Атырау облысының тұрғыны елге жеткізілгеннен кейін Алматы қаласындағы тергеу изоляторына уақытша қамауға алынды. Тергеу органдарының таратқан ресми мәліметіне сәйкес, күдікті азамат 2024 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында Instagram әлеуметтік желісі арқылы Атыраудың екі тұрғынын алдап соққан. Ол осы айласы арқылы жәбірленушілердің 3 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатын заңсыз иемденген деп айыпталуда.
Аталған блогер бұған дейін Жангелдин ауылында ізім-ғайым жоғалған отбасына қатысты жазбалар жариялап, көпшілікке танылған болатын. Ол желідегі парақшасында жоғалған жандарды геолокация деректері, SIM-карталар мен қаржылық операциялардың ізі арқылы өзі хакер ретінде іздестіріп, жеке тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын алға тартқан. Алайда, құқық қорғау органдары бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. Полиция департаментінің хабарлауынша, ұсталған азамат ешқандай да дербес іздестіру жұмыстарын ұйымдастырмаған, тек ресми тергеу барысында анықталған дайын ақпараттарды өз атынан жариялап отырған.