Атырауда бесінші баласын дүниеге әкелген әйел сәбиімен бірге перзентханадан шыға алмай отыр. Отбасының айтуынша, бұған нәрестеге БЦЖ екпесін салдырудан бас тартуы себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, отбасы бұған дейін төрт баласына да вакцина салдырмағанын, тиісті жазбаша бас тартуды рәсімдеп, перзентханадан кедергісіз шыққанын айтқан.
Атырау қалалық перзентханасының түсіндіруінше, БЦЖ салынбаған нәрестені шығару үшін ата-анасы мен онымен бірге тұратын барлық адамның туберкулезге тексерілгені туралы анықтама қажет.
Мекеме бұл талаптың вакцинадан бас тартқаны үшін жаза емес, нәрестенің қауіпсіздігіне қатысты санитариялық тәртіп екенін атап өтті. Тиісті талап Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы бұйрығымен бекітілген туберкулездің алдын алу қағидаларында көрсетілген.
Қағидаға сәйкес, БЦЖ вакцинасы салынбаған жаңа туған нәресте ата-анасы және бірге тұратын барлық адам туберкулезге тексерілгені туралы анықтама ұсынған жағдайда ғана перзентханадан шығарылады.