Атырау облысында интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 24 адам анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, тергеу мәліметінше, күдіктілер алаяқтық схемаларында дроппер ретінде әрекет еткен. Олар өздерінің банк есепшоттарын пайдаланып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны басқа шоттарға аударуға көмектескен.
Полицейлердің айтуынша, күдіктілер жеке деректері мен банк шоттарының құпия мәліметтерін бөгде адамдарға берген. Соның салдарынан жәбірленушілерден алынған қаражат алдымен олардың есепшоттарына түсіп, кейін басқа тұлғаларға аударылып отырған. Осылайша алаяқтар қылмыстың ізін жасыруға тырысқан.
Полицияның мәліметінше, мұндай қылмыстардың көбеюіне азаматтардың банк картасының нөмірі, CVV-коды, SMS-кодтары, логин мен құпиясөз сияқты маңызды деректерді бөгде адамдарға оңай беруі себеп болып отыр. Көп жағдайда адамдар «жеңіл табыс», «картаңызды жалға беріңіз» немесе «ақшаңызды көбейтеміз» деген жалған ұсыныстарға сеніп, өздері де қылмыстық схемаға қатысушыға айналады.
Осыған байланысты полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, банк картасы мен есепшоттың құпия деректерін ешкімге бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және белгісіз сілтемелер мен қосымшаларды қолданбауға кеңес берді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз немесе заңсыз әрекет туралы білсеңіз, бірден полицияға хабарлау қажет.